Назарбаев университетінің нейробиология ғылымының докторы, профессоры Тұрсынжан Тоқай Эпилепсияға қарсы қызыл жусаннан дәрі жасап жатыр. Ғылыми жобаның ресми түрде дәрі ретінде жарияланбады, алайда эксперимент оң нәтижие берді.
«2014 жылы Назарбаев университетінен шақырту алып, сол жылдан бастап Қазақстанда өсетін өсімдіктердің нейробиологиялық ауруларға қарсы қызметін қарастырдым. Соның ішінде менің қызықтырған өсімдік – қызыл жусан. Осы қызыл жусанның тамырының сығындысын пайдаланып – эпилепсияны емдеу. Жусанның көбі Орта Азия мен Шығыс Азияда болады. Мысалы, Орта Азияда 180 түрін таба аласыз. Ал негізі дүниежүзі бойынша 500 түрі бар. Басқа да жерлерде жусан бар, бірақ олар жақсы өспейді. Себебі жусан күн нұрын қажет етеді. Орта Азия, Қазақстанда күн нұры жаз айында 12-14 сағатқа дейін болады. Жусан қанша уақыт күн нұрын алса, сонша пайыз қуатты болады. Бұны біз тышқандардан сынаққа өткіземіз. Бірінші тышқандардың эпилепсия моделін аламыз. Олардың қимылын, миын, клеткаларын зерттеп содан кейін бір қорытынды шығарамыз. Жобаны бастағалы 1,5 жыл болды. Біздің мақсатымыз эпилепсияға қарсы – миды қорғау. Ұстама пайда болған кезде адамда мыңдаған жасушалар өледі. Біздің осы дәрін шығару арқылы байқағанымыз, бірінші эксперимент өткізгенде, жақсы нәтижие көрдік. Демек бұл дәрі ұстаманы тоқтатады, яки төмендетеді. Жақында екінші экспериментті бастадық. Егер осы сынақта сәтті шықса, онда оны ресми түрде жариялаймыз. Сондай-ақ осы зерттеу барысында оның рак ауруына да шипа дәрі болатынын көрдік», — дейді ғалым.
Сонымен қатар жүйке аурыларының пайда болуы мен одан қалай қорғануы жайында профессор былай дейді: «Жүйке жүйе аурулары негізінен бала кезінен, анасының құрсағында жатқан уақыттан басталады. Егер анасы жүкті кезінде ортадағы жаман факторларға ұшыраса, ол құрсақтағы балаға әсер етеді. Содан кейін бала аурушаң болуы мүмкін. Сондай-ақ адам стреске ұшыраса, оның бастапқы уақытында организм ол стрестен қорғана алады. Ал егер стресс ұзақ уақытқа созылып кетсе, бұл организмнің бұзылуына әкеліп соғады. Стрестен сақтанбаса, емделмесе адамның миы, жүрегі зақымдалып, ауру пайда болады.
Ал бұның алдын алу үшін адам көп жүру, спортпен шұғылдануы керек. Екіншіден, ми еңбекті жақсы көреді. Ол ақпарат алғанды жақсы көреді. Адамның миының сапасы оның ақпарат алуымен байланысты. Бұл үшін арнайы әртүрлі жұмбақтар мен ойындар бар. Миды істетсең толады, істетпесең солады. Одан бөлек сапалы ұйқы, тамақ болуы керек».
«Ғылымның мақсаты – адамзаты жақсы өмірге жетелеу», дейді ғалым «qazaqstan tv»-ға берген сұхбатында.
Назым МАЛИККЫЗЫ