Жаһандық жылынуға қарсы әрекет етудің балама жолы ретінде ұсынылып жүрген геоинженерлік әдістердің бірі – стратосфераға аэрозоль бөлшектерін шашу – қазіргі заманғы коммерциялық ұшақтармен де іске асуы мүмкін. Бұл туралы University College London (UCL) зерттеушілері Earth’s Future ғылыми журналында жарияланған жаңа зерттеуінде хабарлайды.
Бұған дейінгі көзқарасқа сәйкес, мұндай технологияны жүзеге асыру үшін 20 шақырымнан жоғары ұшуға қабілетті арнайы ұшақтар қажет деп есептелген. Алайда UCL зерттеушілері жүргізген климаттық модельдеу нәтижелері 13 шақырым биіктікте, полярлық аймақтарда аэрозоль бөлшектерін енгізу арқылы да атмосфераны салқындатуға болатынын көрсеткен. Бұл деңгейге Boeing 777F сынды қазіргі қолданыстағы жүк ұшақтары жете алады.
Зерттеу жетекшісі, Калифорния университетінің докторанты Алистер Даффи былай дейді:
«Біз ұсынып отырған тәсіл аэрозоль инъекциясын техникалық тұрғыдан қолжетімді етеді. Бірақ оның тиімділігі экватор маңындағы 20 км биіктікте жүргізілетін инъекциямен салыстырғанда үш есе төмен. Бұл қосымша аэрозоль көлемін қажет етеді және жағымсыз экологиялық әсерлердің артуына себеп болуы мүмкін».
Ғалымдар Ұлыбританияның UKESM1 климаттық моделін қолданып, әр түрлі ендік пен биіктікте күкірт диоксиді бөлшектерін енгізу сценарийлерін зерттеген. Нәтижесінде, жыл сайын 13 км биіктікте 12 миллион тонна күкірт диоксиді енгізу планетаның орташа температурасын шамамен 0,6°C-қа төмендетуі мүмкін екені анықталды. Бұл – 1991 жылғы Пинатубо жанартауының атқылауынан кейін байқалған жаһандық салқындау әсеріне ұқсас.
Дегенмен, төмен биіктіктегі стратосфера қабатында бөлшектер қысқа уақыт – бірнеше ай ғана сақталады. Ал 20 км биіктікте бұл көрсеткіш бірнеше жылға дейін созылады. Осы себепті тиімділік төмендеу, бірақ бұл әдіс технологиялық тұрғыда тезірек жүзеге асуы мүмкін.
Йель университетінің профессоры Уэйк Смиттің айтуынша:
«Қолданыстағы ұшақтарды техникалық жағынан бейімдеу жаңа, биік ұшатын ұшақтарды жобалауға қарағанда әлдеқайда тиімді және уақытты үнемдейді».
Зерттеу авторлары бұл әдіс парниктік газдарды азайту саясатына балама бола алмайтынын баса айтады. Эксетер университетінің ғалымы Мэтью Генридің пікірінше: «Геоинженерлік әдістер уақытша шешім ретінде қарастырылуы мүмкін. Бірақ климаттың тұрақтануы – тек таза нөлдік шығарындылар арқылы мүмкін болады».