Шаруалар жер жағдайы немесе ауа райына ғана емес, ғылымға сүйеніп, заманауи агротехнологияларды енгізуі қажет. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда егіс түрлерін көбейту қажеттігіне мән берген еді. Батысқазақстандық маман-ғалымдар да Жолдауда айтылған агроғылымды дамыту жайын қызу қуаттайды.
Бүгінгі Жолдауды Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті агрономия факультетінің ұжымы көп болып көрді. Әркім керегін көңілге түйді. Профессор Бейбіт Насиев дақылдың жаңа сортын шығарып, тұқым шаруашылығын дамыту керек деген Президент тапсырмасымен толық келіседі. Өйткені бұл бағыттағы жұмыстар кенжелеп қалған. Жалғыз ауылшаруашылық тәжірибе стансасы мен 5-6 серіктестік өңір қажеттілігін өтемей отыр, — дейді ол.
«Бұл бағытта айтылып жатқан, Президент беріп жатқан жоспарлар өте уақытылы, нақты деп есептейміз. Сапалы тұқыммен фермерлерді, ауылшаруашылық тауар өндірушілерді қамту деңгейі өте төмен болып тұр. 10-15% ғана қамти алады. Ал арғы жағында керек тұқымды тауар өндірушілер Ресейден, не шетелден сатып алуға мәжбүр»,- ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бейбіт Насиев.
Агроном-ғалым Берік Жумин сол шетелден дәнді және майлы дақылдардың тұқымдарын әкеліп, жерсіндірумен айналысады. Ең жақсы өнім көрсеткен дақыл түрлерін шаруаларға ұсынады. Биыл демополигонына күнбағыстың 23, жүгерінің 13, соргоның 3 түрін егіпті. Келешекте тұқымды өзі өндірмекші.
«Гибрид мына ыстықта су жетпегенге, ылғал жетпегенге төзімді. Сондықтан артық өнімділігі. Біздер гибрид өзіміз шығару ойда бар. Әртүрлі алаң таңдалып жатыр. Гибрид бәрі жақсы жағдайда өсу керек. Иә, суармалы жерде өсу керек. Сол жерде тұқымы дайындалады. Гибрид сұрыптан айырмашылығы, сұрыпта бұлар деген аралармен, жәндіктермен тозаңданады. Гибридтер өзі тозаңданады»,- ғалым-агроном Берік Жумин.
Бүгінгі Жолдауда аграрлық салаға қатысты айтылған тағы бір тұжырым – егіс түрлерін көбейту жайы. Бұл ретте батысқазақстандық ғалымдар дәстүрлі бидай мен арпаның орнына жаңа дақыл ұсынып отыр. Ол – сорго.
Биыл өңір диқандары 306 мың гектарға арпа-бидай, 110 мың гектарға майлы дақылдар ексе, соргоның аумағы 1200 гектар ғана. Ал шындығында сорго қуаңшылыққа өте төзімді, өнімділігі бидайдан екі есе артық, құнары да еш кем емес, — дейді ғалым Алдаберген Нұғманов.
Шаруалар жер жағдайы немесе ауа райына емес, ғылымға сүйенуі керек деген Жолдаудағы пікірмен батысқазақстандық шаруалар толық келіседі. Бұл ретте өндірісті ғылыммен ұштастырып, тың технологияларды енгізудің орны орасан.