«Qazaq Science» ғылыми-танымдық порталы
Жобаны іске асырушы: «Рух жаңғырығы» қоғамдық қоры
Жоба сипаттамасы:
Бүгінде көптеген жастардың өз таным-түсінігі қалыптаспаған себепті, алдамшы тобырлардың қақпанына түседі, сыртқы арандатушы саяси күштердің жалған ұрандарына сенеді. Ал білікті, білімді азаматтар өз күштеріне сеніп еңбек етеді, әртүрлі алдамшы, жалған ақпараттарға (фейк) алданбайды. Сонымен бірге, өз білімі арқылы өз-өзін, отбасын қамтамасыз етуге мүмкіндік алып, мемлекетке алақан жайып отыратындай масыл болмайды.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми деректеріне қарағанда NEET жастар үлесі 2018 жылы республика бойынша 7,9 пайыз болыпты. Еліміздегі 15-29 жас аралығындағы жастардың саны 3 млн 989 мыңнан асқанын ескерсек, оқу мен еңбек үдерісіне тартылмаған жастар саны 315 мыңдай болады. Бұл елімізде өз алдына мақсат қоя білмейтін, білім алуға құлықсыз, жүйелі жұмысқа жігерсіз жастардың қатары көп екендігін білдіретін дерек. Жастардың бойында білім мен ғылымға құлшынысты арттыратын болсақ, NEET жастар үлесі кеміп, қоғамға пайдалы сапалы жастар қатары өседі.
Біз ғалымдарды, ғылымға, ғылыми технологияға сүйеніп жұмысын дөңгелетіп әкеткен тұлғаларды, бизнес өкілдерін дәріптеу арқылы жастарға дұрыс бағыт-бағдар сілтейміз. Жетістікке жету жолдары дәріпеліп, көптеген мотивациялық материалдар әзірленеді.
Порталда ғылым мен білім саласына қатысты ақпараттар, түрлі саладағы ғалымдардың пікірлері, сұхбаттары, жаңа технологияларға сай 360 градуста түсірілген, 3D форматтағы видео материалдар да жүйелі жарияланып тұрады. Видео сұхбаттардан қысқаша қызықты роликтер, мәтіндік сұхбаттардан фото-афиша үлгісінде цитаталар әзірленіп, фейсбук, интаграм, уатсап тәрізді әлеуметтік желілерде жүйелі таратылып отырады.
Жоба мақсаты:
Білім мен ғылымды насихаттау, жастардың таным көкжиегін арттыру, олардың ғылымға деген құштарлығын ояту.
Міндеттері:
- Ғылым мен білімді дәріптеу;
- Жетістікке жеткен ғалымдар мен ақылды, білімді тұлғаларды дәріптеу;
- Отандық және шетелдік ғылыми жетістіктерді, жаңалықтарды дер кезінде жариялап отыру;
- Ғылыми жетістіктер тарихына шолу жасау;
- Аға буын ғалымдар мен жас ғалымдар арасында сабақтастықты қалыптастыруға күш салу;
- Жігерлендіретін сөздер арқылы жастарға мотивация беру;
- Жас ғалымдарды, жас дарындарды, интеллектуалды байқау жеңімпаздарын жүйелі дәріптеу;
- Әртүрлі өзекті мәселелер бойынша ғалымдардың сараптамалық пікірлерін ұсыну.